Жаңалықтар

Біздің кәсіподақ — үздік бестікте

Кәсіподақ

Жыл өткен сайын облыстық кәсіподақ ұйымдарының қатары артып келеді. Айталық, былтыр жаңадан 16 бастауыш ұйымы құрылып, оған 2 мыңға жуық адам мүше болды.

Қазіргі таңда облыстық кәсіподақтар орталығы 1181 бастауыш, 25 салалық  ұйым жұмысын үйлестіріп отыр. Оған жалпы саны 132 мың адам мүше. Жұмысшы жастар қатары 45 мыңнан асады.

Оң көрсеткіштердің арқасында өңірдегі орталық республика бойынша «үздік бестікке» енді. Бұл — 10 қазанда аталып өтетін Кәсіподақтар күні қарсаңындағы жағымды жаңалық.

Кәсіподақтардың жетістіктері мен бүгінгі даму жолы, еңбек адамына жасалып жатқан жағдай, әсіресе жалақының уақтылы төленуі мен еңбек жанжалдарының тез арада шешілуі туралы облыс әкімі Ералы Тоғжанов кәсіподақтар күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиында айтты.

— Өздеріңізге белгілі, кәсіподақтың тұжырымдамасында негізгі құндылық — еңбек адамы делінген. Мемлекеттің де алдында тұрған негізгі мақсат  — еңбек адамына жағдай жасау, жұмыс орындарының сақталуын, жалақының уақтылы төленуін қамтамасыз ету, еңбек жанжалдарының алдын алу сияқты мәселелер. Сондықтан еңбек қатынастарын реттеу үшін сіздер мен біздің әлеуметтік әріптестігіміздің маңызы зор. Осы бағытта жұмыс берушілер мен жұмысшылардың мүдделерін қорғайтын кәсіподақтардың атқарар жүгі орасан.

Қазақстанның заман талабына сай дамуына, еліміздің өркендеуіне қосып отырған мол үлестеріңіз,  кәсіподақ  қызметіне  адалдықтарыңыз бен еңбектеріңіз үшінсіздерге алғыс айтамын, — деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов кәсіподақ саласының дамуына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген ардагерлерге, белсенді азаматтарға Алғыс хаттар тапсырды.

Атаулы күнге орайластырылған салтанатты шараға ҚР Кәсіподақтар Федерациясы бас кеңесінің мүшесі, «Қызмет» салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мирболат Жақыпов, өңірдің кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, бірқатар қызметкер қатысты.

Айта кетейік, кәсіподақтар Кеңес Одағының алғашқы жылдарында пайда болған. 1920 жылғы 3-5 мамыр күндері аралығында Кәсіптік-өндірістік одақтардың Ақтөбе уездік съезі, 1921 жылғы 6 тамыз күні 1-ші губерниялық Ақтөбе кәсіподақтар съезі өткен. Сол уақытта азық-түлік өңдеушілер, былғары өңдеушілер, металлургтер,  тау-кен жұмысшылары, химиялық өндіріс, коммуналдық шаруашылық, т.б. кәсіподақтар құрылған.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button